Автор: Гүлбаршын Нұрхан
Ментор: Жәнібек Нұрыш
Мақалада 9-сынып оқушысы Іңкәрдің арманы мен ауылдағы ағылшын тілі сапасының қиын жағдайы кеңінен талданады. Іңкәр туризм саласында мансап құруды көздеп, ол үшін ағылшын тілін еркін меңгеру керек екендігін түсінеді. Алайда ауыл мектебінде тіл сабағы көбіне сөз жаттау мен мәтін аударумен ғана шектеледі, ал сөйлеу практикасына мүмкіндік өте аз. Мұғалімдер тырысқанымен, уақыт пен ресурстың жетіспеушілігі бұл процесті тежейді. Интернет жылдамдығының төмендігі онлайн платформаларды пайдалануға мүмкіндік бермейді, ал бұл тілді толық меңгеруге үлкен кедергі болып отыр.
Бұл мәселе Іңкәр секілді мыңдаған ауыл оқушыларының ортақ мәселесі болып отыр. ҚР Оқу-ағарту министрлігі бұл проблеманы мойындай отырып, ауыл мектептерінде ағылшын тілін оқыту мемлекеттік стандартқа негізделген әдістемемен жүзеге асырылатынын алға тартады. Олар қашықтан оқыту, халықаралық баспалардың оқулықтарын енгізу, мұғалімдердің кәсіби дамуы үшін “Өрлеу”, “Дипломмен ауылға” бағдарламалары мен волонтерлік жобалар арқылы жағдайды жақсартуға ұмтылады. Сонымен қатар NIS мектептерімен серіктестік пен жаңа ресурстар енгізу де жоспарлануда.
Дегенмен нәтиже әлі де төмен. 2024 жылғы EF English Proficiency Index рейтингінде Қазақстан ағылшын тілін меңгеру деңгейі бойынша 116 елдің ішінде 103-орында тұр.
Мақала ұсынатын әрекеттер — шетелдік мамандарды шақыру, волонтерлік жобаларды жалғастыру, интернет инфрақұрылымын дамыту және ауыл мұғалімдерін тұрақты қолдау. Осы шаралар ауыл мектептеріндегі ағылшын тілінің деңгейін көтеріп, еліміздің білім сапасын арттыруға үлес қоспақ.
Жоба резиденті дайындаған толық материалды келесі сілтеме арқылы оқи аласыз: https://kz.kursiv.media/kk/2025-07-10/glbr-auyl-mektebinde/